Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігі
Сенім телефоны
+7 7172 754-547
Тегін қоңырау

You are here

Департамент туралы ереже

 

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің

Заң департаменті туралы ереже

 

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымы, штат саны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысымен бекітіледі

4. Департамент:

1) Нормативтік құқықтық бұйрықтар басқармасынан;

2) Заңнамалық және заңға тәуелді актілер басқармасынан;

3) Құқықтық мониторинг және талдау басқармасынан;

4) Құқықтық қамтамасыз ету басқармасынан;

5) Талап-арыздар жұмысы басқармасынан құралады.

 

2. Департаменттің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

5. Міндет: Министрліктің қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету.

Функциялары:

1) сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда Министрліктің қызметінің құқықтық мәселелерін қарау кезінде белгіленген тәртіппен Министрліктің мүдделерін білдіру;

2) тиісті сот талқылауына әкеп соқтырған негізгі себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында Министрліктің қатысуымен даулар бойынша талап арыз жұмысының, сот тәжірибесінің жай-күйін талдайды және оларды жою мен кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізу;

3) заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда Министрліктің пайдасына қабылданбаған сот актісіне шағымдану жөніндегі шараларды уақытылы қабылдайды, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарына қадағалау тәртібінде наразылық білдіру туралы өтініштермен жүгіну;

4) заңды күшіне енген сот актілерін орындау жөніндегі шараларды қабылдауды қамтамасыз ету;

5) Министрліктің басшыларына қол қоюға берілетін құжаттардың, Министрлікпен және басқа да мемлекеттік органдармен әзірленетін нормативтік құқықтық және өзге де құқықтық сипаттағы құжаттар жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеру;

6) шарттар мен халықаралық келісім-шарттар жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеру, оларды әзірлеу шараларына қатысу;

7) құрылымдық бөлімшелердің сұраулары және Министрлік басшыларының тапсырмалары бойынша Министрлікпен реттелетін салалар аясында Қазақстан Республикасының заңнамаларына түсініктеме беру, заңды қорытындылар әзірлеу;

8) шарттардың заңнама талаптарына сәйкестігін, шарттар бойынша міндеттемелер орындалмаған және тиісінше орындалмаған кезде экономикалық ықпал ету шараларының қолданылуын қамтамасыз ету;

9) Министрлік қызметінің құқықтық мәселелерін қарастыру кезінде ұйымдарда белгіленген тәртіпте Министрлік мүддесін білдіру;

10) Министрлікпен және басқа да мемлекеттік органдармен әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің, оның ішінде құпия құжаттардың жобаларына құқықтық сараптама жүргізу.

6. Міндеті: Министрліктің заңнаманы қолдану практикасын қорыту.

Функциялары:

1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Министрлікте Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне мониторинг жүргізуді тұрақты негізде үйлестіру;

2) Қазақстан Республикасының заңнамаларының жағдайы туралы ақпаратты жинау, бағалау және талдау;

3) мемлекеттік органға келіп түсетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жүйелендірілген есебін және олардың сақталуын ұйымдастыру;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ескірген және сыбайлас жемқорлықты тудыратын құқық нормаларын анықтау, олардың іске асырылуының тиімділігін бағалау мақсатында Министрліктің салалық заңнамаларының даму серпінін болжау;

5) нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг мәселелері бойынша талдамалық ақпараттар әзірлеу, басшылыққа енгізу;

6) Министрліктің норма шығармашылық қызметін, нормативтік құқықтық актілер жобаларының әділет органдарында тіркелуге тиіс нормативтік құқықтық актілердің заң сараптамасының нәтижелері бойынша Әділет министрлігінің ескертулерін талдау және талдау нәтижелері бойынша Министрліктің жауапты хатшысына оны жетілдіру және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар енгізу.

7. Міндеті: Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау және түсініктеме дайындау, Министрлікте жалпыға бірдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру.

Функциялары:

1) Министрлікте Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау, жалпыға бірдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөніндегі жыл сайынғы іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;

2) Министрліктің, оның ведомстволары мен территориалдық құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру;

3) заңнамалық актілерде көзделген жағдайда Министрліктің құзыретіне жататын құқықтық мәселелер бойынша Министрліктің атынан түсініктеме дайындау.

8. Міндеті: құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу;

Функциялары:

1) жеке қолданыстағы құқықтық актілер мен нормативтік құқықтық актілер жобаларын (заңдар мен олардың тұжырымдамаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі, құқықтық және нормативтік құқықтық бұйрықтар), сондай-ақ Министрлікпен әзірленетін өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын, оның ішінде оларды Министрліктің басқа да құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу жолымен әзірлеуге қатысу;

2) Қазақстан Республикасының Парламентінде заң жобаларының өтуі кезінде, сондай-ақ Премьер-Министр Кеңсесінде Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына немесе Үкімет бастамашылық жасаған заң жобаларына енгізілген депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындыларының жобаларын, Премьер-Министр Кеңсесінде және Әділет министрлігінде мемлекеттік орган әзірлеушісі болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының, Үкіметі қаулыларының және Премьер-Министрі өкімінің жобаларын жұмыс тәртібінде пысықтау кезінде қатысу;

3) тиісті заң жобаларын ағымдағы Үкіметтің заң жобалау жұмысының жоспарына енгізу бойынша ұсыныстар дайындау және іс-шараларды жүргізу;

4) заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарына қатысу үшін құжаттарды дайындау;

5) Министрлікпен әзірленетін нормативтік құқықтық актілер жобаларына (заңдар мен олардың тұжырымдамаларына, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкіміне, нормативтік құқықтық бұйрықтарға) құқықтық сараптама жүргізу және олар бойынша қорытынды дайындау;

6) Министрлікпен реттелетін салаларда бағдарламаларды және тұжырымдамаларды әзірлеуге қатысу;

7) Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму жөніндегі министрдің тапсырмасы бойынша жеке қолданыстағы құқықтық актілер мен нормативтік құқықтық актілер жобаларын (заңдар мен олардың тұжырымдамаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі, нормативтік құқықтық бұйрықтар) және құқықтық сипаттағы өзге де құжаттарды әзірлеу;

8) жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша сараптамалық кеңестің қызметін ұйымдастыру.

9.Құқықтары мен міндеттері:

9.1.Департамент:

1) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен қажетті ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті қосымша ақпаратқа тиісті мемлекеттік органдарға сауалмен жүгінуге;

2) Министрліктің Жауапты хатшысының келісімімен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын және құқық мәселелері жөніндегі Министрліктің құжаттарын әзірлеу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау жөніндегі іс-шараларды және Министрліктегі құқықтық жалпы оқытуды іске асыру үшін басқа құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлерін тартуға;

3) Министрліктегі және оның ведомстволарындағы құқықтық жұмыстың жағдайын және заңдылықтың сақталуын тексеруге; көрсетілген ұйымдардағы құқықтық жұмыстың жағдайын және заңдылықтың сақталуын тексеру Министрліктің Жауапты хатшысының шешімі (тапсырмасы) бойынша Департамент жүзеге асырады; тексеру нәтижесі бойынша – тиісті қорытындылармен, ұсынымдармен, ұсыныстармен анықтама құруға және оларды Министрлік басшылығына ұсынуға;

4) басшылықтың тапсырмасы бойынша Министрліктің құзыретіне кіретін құқықтық мәселелерді қарау кезінде мемлекеттік органдарда Министрліктің мүддесін білдіреді, мемлекеттік органдар, халықаралық және өзге де ұйымдар өткізетін кеңестердің, отырыстардың, семинарлардың, конференциялардың жұмысына қатысуға;

5) құрылымдық бөлімшелерден Департаментке жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, анықтамаларды, есептерді және басқа материалдарды, ақпараттарды сұратуға және алуға;

6) егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеген жағдайда нормативтік құқықтық актілердің және басқа да құжаттардың жобаларына виза қоюдан бас тартуға;

7) Министрліктің құзыретіне және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

9.2. Департаменттің міндетіне Министрліктің қызметінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету кіреді.

 

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

10. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

11. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Директор басқарады.

12. Департамент Директоры Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

13. Департамент Директоры Министрліктің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

14. Директор осы мақсатта:

1) өзінің орынбасарының және Департаменттің құрамына кіретін басқармалар басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының Президенті актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

15. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департаменттің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.

16. Басқа құрылымдық бөлімшелер әзірлеген нормативтік құқықтық актілердің жобалары Департаменттің алдын ала келісуінсіз мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберілмейді.

17. Министрліктің атынан құрылымдық бөлімшелер дайындаған құқықтық мәселелер бойынша жіберілген түсіндірмелер Департаментпен міндетті келісуге жатады.

18. Осы Ережеге сәйкес Департаментке оның қызметіне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салынады.

19. Департамент директоры, оның орынбасары және Департаменттің құрамына кіретін басқармалар басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.

20. Департамент қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері белгіленген тәртіппен бекітілген лауазымдық нұсқаулықтарда айқындалады.

 

Жарияланған: 09.07.2015
Жаңартылған: 25.01.2017
© 2017

Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігі

Заң департаменті